Қарттар үйіндегі ата- аналар алимент талап етуге намыстанады- Мәжіліс депутаты
Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков ата-анасын қарттар үйіне тапсырған жандардың жалақасының 50 пайызын ұстау керек деген ұсыныс білдірді. KAZINFORM
Бүгінде қарттар үйіндегі қариялар санының 90 пайызын қазақ ұлты құрайды. «Қарты бар үйдің- қазынасы бар» дегендей ақ жаулық апаларымыз бен аталарымыздың құқығын қорғайтын заң бар. Неке және отбасы туралы кодексінің «Кәмелетке толған балалардың ата-аналарын күтіп-бағу жөніндегі міндеттерінің» 145-бабының 1 бөлімінде «Еңбекке жарамды кәмелетке толған балалар өздерінің көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз ата-анасын күтіп-бағуға және оларға қамқорлық жасауға міндетті» және «балаларынан алимент өндіріп алуға құқылы, ол сот тәртібімен алынады»
Халық қалаулысының айтуынша, жоғарыда аталған заң талаптары орындалып жатқан жоқ.
- Ешбір кейуана өз баласына шағым түсірмейді, ешбір ата-ана алимент өндіруге не денсаулығы не намысы жібермейді. Сол себепті бұл бап орындалмайды. Сондықтан ата-анасын қарттар үйіне тапсырған, қараусыз қалдырған балалар, ата аналарының есепшотына тапқан жалақысының 50 пайызын мөлшерлеп міндеттеу керекпіз. Әрине, бұл қаражат ата-анаға деген құрметке тең келмейді, дегенмен материалдық өтеуі болуы керек. Сонымен қатар 70 жастан асқан қариялардың атында жылжымайтын мүлкі болса, өлер өлгенше басқа адамның атына рәсімдеуге тыйым салуымыз керек- деп Таңсәуле Серіков Үкімет басшысының орынбасары Ермек Көшербаевтың атына депутаттық сауал жолдады.
Мәжіліс депутаты қарттар мен мүгедек жандардың ресми статистикасын келтірді.
- 2023 жылдың соңындағы мәлімет бойынша елімізде 51 қарттар мен мүгедектер үйі бар. Оның ішінде 43 мемлекеттік, 7 жеке және бір орталық шетел азаматының меншігінде. Қарттар мен мүгедектер үйлерінің ең көп саны Шығыс Қазақстан облысында 11 үй орналасқан, оның 6 мемлекеттік және 5 үй жеке меншікте. Шымкент, Алматы, Атырау қаласында және Ақтөбе, Маңғыстау, Түркістан, Жетісу мен Ұлытау облысында бір қарттар үйі бар. Ресми мәліметтер бойынша 2023 жылы қарттар және мүгедектер үйлерінде тұратын азаматтар саны 6 824 адамға жетті. Оның 950-і Астанада, 905 адам Шығыс Қазақстанда, - деп толықтырды Таңсәуле Серіков.
Хабарлайды KAZINFORM тілшісі Дәулет Ізтілеу