Көзсіз әлемдегі шындық: «Құдай соқыр емес» спектаклі жайлы

Мәдениет
136
Бауыржан Ердембеков

Белгілі ғалым Бауыржан Ердембеков «Құдай соқыр емес» спектакліне өз пікірін білдірді. Ол драматург Бауыржан Игілік пен режиссер Еркебұлан Нұғымановтың еңбегін жоғары бағалап, қойылымның көрерменге әсері ерекше болғанын атап өтті.

"Әуелі аты елең еткізді. Бірден авторына назар аудардым. 
Мен де жеріп ақылдан, ел де жеріп,
Күнде жүрміз жүректі жерге көміп...
Меннен өзге ермегі жоқ тағдырым-ау
Тағы қандай сыйың бар, бер, көрелік,- деп ірі сөйлеп, кесек турайтын мінезді ақын – Бауыржан Игілік екен. «Өмір деген білгенге қиын екен, Тайып, құлап, тасырқап, құм, сор кештік»,- деп ноқтаға басы сыя қоймайтын Бауыржанның өткір өлең иесі екенін білгенмен драматургияға  құрық салғанын естуім осы. Қойылымның режиссері – бүгінде төрт аяғын тең басқан, бәзбіреулер құсап көди-сөди тақырыпты сахналай бермейтін өзіміздің Еркебұлан Нұғыманов. Құдай десе дін, дін десе сақалдылар санаға ұялай қалатын машықпен көп адам әуелі бұл қойылымды уағыздың маңайындағы жаттанды дүние ме деп қалуы да мүмкін... 

Әуелден мүшәйра мен атақтың маңайында науқан басталса жарымжан өлеңдерін желпілдетіп бөкен жарыстың ішінде жүретіндердің емес, оқшырайып сыртынан қарап тұратынның нақ өзі - Бауыржан драмаға барғанда өз тақырыбын тапқан екен. Тауып қана қоймай Еркебұлан екеуі ондыққа тигізіпті. Болған оқиғаның ізімен жазылған шығарманың құндылығы бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген адам тағдырының соншалықты қиын да, қасіретті зіл-батпан ауыр салмағымен өлшенеді. Бір адамның басына осыншама қасіретті жамай берген құдай шынымен де соқыр ма? Міне, залда булыққан көрерменнің санасын осы бір саңылаусыз сұрақ жегідей жеп барады. Туғаннан бір көзі көрмейтін кемтар баланы (Қайрат) әке-шешесі қоқыс жәшігіне тастап кетеді.

Жетімдер үйі. Жетіліп келе жатқан көкірегі ояу жасөспірім мұндағы жағдайға төзбей, шындықты айтып жоғары мекемелерге хат жолдайды. Жетім түгіл жетілгеннің жан айғайын ести ме бізде. Жетімдер үйінің басшысы Қайратты «жынды» деген қағаз жасатып, әрине парамен, жындыханаға қаматады. Құдайдың сынағы осымен бітер деп демін ішіне тартқан көрерменді тағы бір ауыр оқиға күтіп тұр еді. Елдің еңсесін жаныштап, елдікті тұралатып тастаған тағы сол - пара. Парамен жұмысқа тұрған жас дәрігер өзі әупірімдеп көріп жүрген жалғыз көзінен айырып тынады Қайратты. «Ей, туғанымнан зарымды құлағыңа ілмеген керең дүние, енді тас қараңғы соқыр дүниеге айналдың ба?» деп қан жұтқан Қайраттың (рөлін аса бір шынайы түйсігімен алып шыққан Мерей Алдажаров) зары залды көрерменнің көз жасына көмді. Төбе құйқаңды шымырлатар қандай қасіретті көрініс десеңізші. Ақын Бауыржанның драмадағы шұрайлы тілі режиссердің қойылым шеберлігімімен сәтті жымдасып, пьесаның шырайын  шымырлата түскен. Артық сөз, босаң тіркес жоқ...

Ақыры жетім бала өмірдің сан тауқыметін тартып құдайға қараған  жандардың шапағатына бөленеді. Тағдырдың тәлкегі тыйылып, мейірім шуағы төгілген ана мен жүрегінде Алласы бар әкеге бала болады. Өзі сияқты жарымжан жаннан іні тапты. Екі жарымжан жасөспірімнің бір-біріне көз бен тіл сыйлаған тұсы көрерменді тағы толқытты. Жар сүйеді. Иә, құдай асықпағанмен, соқыр емес екен дедік, ішімізден күбірлеп. Кеудесінде адамдықтың сәл сәулесі бар адамды тәубесіне мықтап түсірер зіл батпан ауыр тақырып арқалаған қойылымның шарықтауы көңілді ширықтырып барып тыншыды. Болған оқиға ізімен сахналанған спектакльдің соңында тағдырдың талай тауқыметін арқаласа да сынбаған Қайрат пен оның анасы – Әселдің өмірдегі кейіпкерлері сахнаға шыққанда зал теңселіп кетті. Қайратқа деген жанашыр жылулық, Әсел анаға деген шексіз құрмет көздері жасқа тоған көрерменнің ыстық ықыласымен ұзақ шапалаққа ұласты. Әрбіреуіміздің басымыздан өтіп жатқан осынау ит тірліктегі қиыншылықтар мына талайлы тағдырдың қасында тамыздыққа да жарамай қалды. Тәубесіне түсті көп көрермен...

Жарадыңдар қазақтың қос тарланы – Бауыржан Игілік, Еркебұлан Нұғыманов! Осы идеяға мұрындық болған «Дариға- ай» дың басшысы Естай Шәріпұлы інімізге, салмақты туындыны көрерменнің жүрегіне жеткізе алған театр ұжымына бас идік. Алар асуларың көп болғай!"

Бауыржан ЕРДЕМБЕКОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор   

Админ
Сайт админы

Оқи отырыңыз

Мәдениет

Ұлттық кітап күні. Астанада интеллектуалдық ойын өтті

Қазақстанда алғаш рет аталып өтіп жатқан Ұлттық кітап күніне орай елорданың Байқоңыр ауданында мекте...
Мәдениет

«Байрағы биік байтағым» атты республикалық ақындар мүшәйрасы өтеді

Астана қаласының күніне орай қала әкімдігі мен Қазақстан Жазушылар одағы Астана өкілдігі бірлесіп &l...
Мәдениет

Димаш Құдайберген 30 жасқа толды

Бүгін әлемдік деңгейдегі танымал әнші, композитор, мультиинструменталист Димаш (Дінмұхаммед)...
Мәдениет

ТАБЫСТЫ ЖҰМЫС ЛАЙЫҚТЫ ШЕШІММЕН КЕЛЕДІ

Марат АХЫЛБЕКОВ,МФО KMF банкінің Шымкент филиалының жетекшісі Халықтың несиеге деген көзқарасы...
Мәдениет

Астанада «Алтын қалам» семинар-форумы өтті

Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы "Руханият" коммуналдық мемлекеттік мекемесін...
Мәдениет

Hikmet Anil Oztekin. Бәріне құрметпен қараймын...

Кезінде бір-бірін қатты жақсы көріп үйленген, бірақ уақыт өте келе бір-бірімен түсінісе алмай жүрген...
Мәдениет

Бостандық жырының бозжорғасы еді...

Не­сағаң арқасына ер батқасын болған қай­қаң жорға емес, ана тілінің уызына жарыған, ақындығ...
Мәдениет

«Атырау толқындары» - аудиокеңістікте

Ақпараттық технологияның даму дәуірінде тыңдалатын кітаптардың үлкен сұранысқа ие екені баршаға мәлі...