Ресейдің Киевке шабуылы. 32 адам қаза тауып, 120-сы жарақат алды
Киевте 9 шілде аза тұту күні болып жарияланды. Дүйсенбіде Ресейдің зымыранмен шабуылынан қайтыс болғандарды халық қайғырып еске алды. Азаматтық инфрақұрылым нысандарына оқ жауды. Олардың ішінде Украинадағы ең ірі «Охматдет» балалар ауруханасы бар. Украинада 8 шілдеде ресейлік күштер жасаған жаппай зымыран шабуылының құрбандарының саны қырықтан асты. Олардың арасында төрт бала бар. 200-ге жуық адам жарақат алды. Негізгі соққы елдің астанасында болған, онда кем дегенде 32 адам қаза тауып, 120-ға жуық адам зардап шекті.
Киевте зымырандар елдегі ең ірі «Охматдет» балалар ауруханасына, тағы бір медициналық мекеме мен тұрғын үйлерге соққы жасады.
Италияның Сыртқы істер министрі Антонио Тайани Ресейдің Киевке, ондағы балалар ауруханасына зымыранмен соққы жасауын әскери қылмыс деп атады. «Мен Киевтің бомбалау картиналарына, соның ішінде балалар ауруханасын жайпауына таң қалдым. Бұл бүкіл халықаралық қауымдастық айыптап, соттайтын әскери қылмыстар. Біздің Үкімет Украинаның егемендігін және оның халқын қорғауды жалғастырады», - деп жазды Таяни x желісінде.
АҚШ президенті Джо Байден Ресей Федерациясының зымырандық шабуылдары Ресейдің қатыгездігі туралы қорқынышты ескерту екенін айтты. Дипломаттарға сілтеме жасай отырып, ақпарат агенттіктері БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі сейсенбіде жоспарланған отырыста Украинадағы ресейлік шабуылды талқылайтынын хабарлайды. Балалар ауруханасына соққыны НАТО және Еуропа Одағы қатаң айыптады. Кремль Ресейдің Киевтегі ауруханаға залал келтіргені туралы айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарып, азаматтық нысандарға тиіспейтінін мәлімдеді. Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі Киевтегі келеңсіз оқиға «Украинаның Әуе қорғанысы зымыранының құлауына байланысты» деп мәлімдеді.